21 сәуір күні таңертең Мәскеудегі ҚР Елшілігі ғимаратының алдынан бес автобус жолға шықты. Коронавирус пандемиясына байланысты халықаралық рейстерге шектеу енгізілмей тұрып Ресейден шығып үлгермеген 250-ден астам қазақстандық студент елге оралады.
«Автобусқа отырғызылмас бұрын барлығының дене қызуы өлшенді. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясының және РФ-дағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлерінің ілесуімен, барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, автобустар қазақ-ресей шекарасына қарай бет алды. Одан өткеннен кейін Орск және Әлімбет өткізу бекеттерінде жастарды Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері күтіп алады. Барлығынан коронавирусқа тест алынатын болады», - делінген мәліметте.