«21 желтоқсанда Сиань қаласындағы барлық университеттерге хабарландыру ілдік. Интернет желісіне мүмкіндігі шектеулі жетім балаларға ойыншық, тәтті, киім, жеке гигиена заттары, жемістер, мектепке қажетті заттар қабылдау басталғаны туралы хабарлама берілді. Акцияға 100-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде Бангладеш, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және басқа елдерден еріктілері бар. 4 күнде екі фургон сыйлық жинадық», - деді ҚазАқпаратқа берген сұхбатында KSAC Сиань бөлімшесінің төрағасы, Чанъань университетінің халықаралық қатынастар және сауда факультетінің 4-ші курс студенті Жансерік Тұрсынбек.
Оның айтуынша Сиань қ. балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықты 16 адам апарды. Оның екеуі Ресей мен Украинадан «ММ studio» би мектебінің оқытушылары, олар Кунфу-Панда мен жолбарыс костюмімен өнер көрсетті. Балаларға сыйлықты Аяз ата (Чанъань университетінің қазақстандық студенті Дмитрий Позакшин) таратты.
«Біз таңдаған балалар үйі Сиань қаласындағы үш ең ірі жетімдер үйінің бірі. Онда 2-14 жастағы 700-дан астам бала тәрбиеленеді. Олардың басым бөлігі - мүмкіндігі шектеулі балалар. Сиань бөлімшесі Әнуар Асылханға ерекше алғыс білдіреді. Ол көмекке алғашқылардың бірі болып келіп, ақпаратты таныстарына, достарына таратты. Мобильді WeChat коммуникациялық жүйеде топ құрды. Оған 100-ге жуық пайдаланушы кірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын биыл Сиань бөлімшесінің белсенділері ҚХР Шэньси провинциясы Сианьда «Бауырсақ күнін», сондай-ақ кең ауқымда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізді.