Қазақстандық студенттерге қатысты АҚШ сотының әділ шешімін күтеміз - Р.Жошыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бостондағы лаңкестік әрекетке қатысты айып тағылған қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың ісі бойынша сот әділ шешім шығаратындығына үміт артамыз.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев осылай деді.

«Әрине, Сыртқы істер министрлігі бұл үдерісті жіті қадағалап отыр. Біз бұл отбасыларға виза алуға көмектестік. Біздің кез келген азамат көмек сұрағанда СІМ шұғыл әрекет жасайды. Ал процесс өте қиын, адвокаттар жұмыс істеуде. Біздің Елшілік арқылы нота да, түрлі хаттар да, өтініш те жіберілді. Іс бақылауда тұр. Бірақ, әр елдің өз заңы бар. Біз осынау күрделі іске әділ шешім шығуын күтеміз», - деді Р.Жошыбаев.

Еске сала кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон марафонында екі жарылыс орын алып, салдарынан 3 адам ажал құшты, 200-ге жуығы жапа шекті. Кейін полиция лаңкесті жасаған екі күдіктінің ізіне шығып, олар АҚШ-та заңды түрде тұрып жатқан Солтүстік Кавказдың тумасы ағалы-інілі Тамерлан мен Джохар Царнаевтар болып шықты. Тәртіп сақшыларымен қақтығыс барысында Т. Царнаев қаза болды. Ал 19 жастағы Д. Царнаев көп ұзамай қолға түсті. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойы абақтыға тоғытылады немесе өлім жазасына кесіледі.

Осы лаңкестік іс бойынша Царнаевтың үш досы қазақстандық Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов және американдық Робел Филиппоске Бостон марафонының мәресінде болған жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деген айып тағылды.

Қазақстандық студенттердің кінәсі анықталатын болса, онда олар тергеуге кедергі келтіргендері үшін 20 жылға және сөз байласқандары үшін 5 жылға бас бостандықтарынан айырылуы, сонымен қатар 250 мың доллар айыппұл төлеп, 5 жылға дейін құқық қорғау органдарының ашық қадағалауында болуы мүмкін.