Қазақстандық суретшілердің көрмесі Түркия қалаларын «аралап жүр»

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркия қалаларында XX-XXI ғасырлардағы қазақстандық суретшілердің туындыларының «Ұлы дала рухы» атты көрмесі жалғасуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көрме Түркия астанасы Анкарадан кейін (14-24 қараша), 26 қараша күні бауырлас елдің төртінші ірі қаласы Бурсада ашылды.

Бурсалықтар мен қала қонақтарына қазақ бейнелеу өнерінің мэтрлері - Евгений Сидоркин, Әбдірәшит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бақыт Бәпішевтердің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шәміл Гүлиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңдібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазғұлов, Вячеслав Люй-Ко сынды талантты суретшілердің қылқаламынан туған 32 кескіндеме және графика туындысы ұсынылды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтқандай: «Қазақстан - күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты».

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі - Қазақстанның ең ірі көркем мұражайы. Қазақ бейнелеу өнерінің әлемдегі ең үлкен коллекциясы осында шоғырланған. «Қазақ даласының рухы» көрмесі көшпенділер мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін, қазақтың тұрмыс-тіршілігін, ұлттық ойындарын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын көрсетеді.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы аса өзекті әрі дер кезінде жасалған зерттеу болды. Онда ұлттық мәдениеттің, руханияттың, тарихи және көркемдік мұралардың құндылығы мен маңызы ашып көрсетілді. Шет мемлекеттерде көрмелер ұйымдастыру арқылы Қастеев атындағы музей талантты қазақ суретшілері мен қазақ өнерін халықаралық деңгейде насихаттап, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды, қазақтың бейнелеу өнерін әлемге танытпақ», - дейді музейдің директоры, профессор Гүлмира Шалабаева.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейімен ынтымақтастықта ұйымдастырып отыр.