ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық таеквондошы Лиана Кушкеева Кореяның Чунчон қаласында өткен халықаралық турнирде жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның жаттықтырушысы Арслан Ордабаевтың айтуынша, G2 рейтингілік жарыс болып есептелетін Корея опен турнирінде Лиана 52 кг салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл жуырда 14 жасқа толған, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының шәкірті Лиана Кушкееваның кезекті табысы деуге болады. Биыл Орал қаласында олимпиадалық ойын түріне жататын таеквондодан (WTF) кадеттер арасындағы ел біріншілігінде топ жарған Лиана одан кейін Мәскеуде «Патриот 2017» бүкілресейлік турнирінде қола жүлдеге ие болды. Сосын өткен маусым айында Вьетнамның Хошимин қаласында таеквондодан (WTF) өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).