АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Смайыл Дүйсебай Фуджайра (БАӘ) таеквондодан өтіп жатқан Гран-при жарысының қорытынды кезеңінде жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, С.Дүйсебай 87 келіге дейін салмақта сәтті өнер көрсетіп, қос бірдей жеңісіне қол жеткізді.
Қазақстандық таеквондошы алғашқы айналымда Рио Олимпиадасының чемпионы, Әзербайжан елінің өкілі Радик Исаевтан басым түсті. Содан кейін С.Дүйсебайға әлем чемпионы, германиялық Александр Бачман да қарсы тұра алмады.
Жартылай финалда С.Дүйсебай оңтүстіккореялық, Азия чемпионы Ке До Инмен кездеседі.
Еске сала кетейік, Смайыл Дүйсебай - Гран-при жарысының финалдық кезеңіне Қазақстаннан қатысып жатқан жалғыз спортшы.
Финалдық дода жеңімпазына 80 ұпай беріледі. Бұл - әлем чемпионатынан кейінгі екінші ірі рейтингілік турнир.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы ерлер мен әйелдер арасында 24-25 қараша күндері аралас командалық әлем кубогына қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).