АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Фуджейро қаласында (БАӘ) таевондодан Гран-при кезеңінің финалдық додасы мен командалық әлем кубогына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткендей, 22-23 қараша күндері өтетін Гран-при турнирінің соңғы сайысына Қазақстаннан Смайыл Дүйсебай ғана жолдама алды.
С.Дүйсебай 87 келіге дейінгі салмақта сынға түседі.
Гран-при жарысының финалдық кезеңінде жеңімпаз атанған спортшыға 80 ұпай беріледі. Бұл - әлем чемпионатынан кейінгі екінші ірі рейтингілік турнир. Сондықтан онда табысты өнер көрсету аса маңызды.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы ерлер мен әйелдер арасында 24-25 қараша күндері болатын аралас командалық әлем кубогына шақырту алды.
Командалық бәсекеде ел намысын төмендегі спортшылар қорғайды:
Ерлер құрамасы:
1) Елдос Ысқақ
2) Ерасыл Қайырбек
3) Нұрлан Мырзабаев
4) Руслан Жапаров
5) Рахым Әділханов (қосалқы құрам)
Ерлер мен әйелдер (микс):
1) Қазыбек Бақтиярұлы
2) Смайыл Дүйсебай
3) Фариза Алдоңғарова
4) Жансель Дениз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).