Қазақстандық тасымалдаушылардан 2014 жылға арналған шетелдік рұқсат-бланкілеріне жылдық тапсырысты қабылдау аяқталды
деп хабарлады Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстандық тасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруына рұқсат беретін рұқсат-бланкілеріне деген біржылдық сұранысы 40 ел бойынша берілген тапсырысқа сәйкес 197 890 құрап отыр. Ағымдағы жылы тапсырыс электрондық үкіметтің www.egov.kz. порталы арқылы қабылданды.
Сұраныстың көптігін ескере отырып, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль көлігі департаменті келесі жылға берілетін рұқсат-бланкілерінің қажетті санына қол жеткізу үшін кейбір елдердің көліктік ведомстволарымен келіссөздер жүргізуге кірісіп кетті.
Көліктік бақылау комитетінің ақпаратына сәйкес рұқсат-бланкілерін бөлу үдерісін автоматтандыруға байланысты ағымдағы жылы берілген рұқсат-бланкілерінің саны 27% артқан.
Аталған процесті автоматтандыру, атап айтқанда есептеу формуласын қолдану тасымалдаушыларға рұқсат-бланкілерін бөлу процесінің ашықтығын және әділ өтуін қамтамасыз етті.
Бүгінгі күні аталған рұқсат-құжатын алу үшін тасымалдаушы электрондық үкіметтің www.egov.kz порталына тиісті өтінімді жолдауы қажет. Жүйе бланкілерді автоматты түрде көлік санына сәйкес бөледі. Ал, рұқсат-құжаттарын тасымалдаушылар бұрынғыдай көлік инспекцияларынан емес, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан барып алады.
Қазіргі уақытта автоматтандырылған жүйенің көмегімен бөлінген рұқсат-бланкісінің саны 50719 құрап отыр.