«Аталған Хаттама екіжақты және транзиттік, сондай-ақ үшінші елге/елдерден автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат беру жүйесін енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау «рұқсатсыз» негізде жүзеге асырылады.
Рұқсатсыз жүйе Грузия көлік операторларына автомобиль тасымалын орындау кезінде басым болуға мүмкіндік береді. Егер 2018 жылы экспорт-импорт тасымалының 53 пайызын Грузия көлік операторлары орындаса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызды құрады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Оның басты себептері мынада:
- Грузияда халықаралық тасымалдағы автокөлік паркі кеңейді. Елімізде ол 7 мың 754 болса, Грузияда 8 мың 901-ге жетті;
- соңғы кездері Грузия аумағында Грузия-Түркия, Грузия-Украина сияқты бірлескен автотасымал кәсіпорындары ашылды;
- Грузияның теңізге шығуға мүмкіндігі бар.
«Сондықтан рұқсат беру жүйесін енгізу: біріншіден, көлікпен халықаралық автотасымал нарығындағы тепе-теңдікті орнатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, отандық көлік операторларының тасымалдағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Үшіншіден, қазақстандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілетін арттырып, табыстарының өсуі есебінен еліміздегі көлік паркінің ұлғаюына жағдай жасайды», - деді министр.
.