Жалпы отырыста депутаттар тарапынан рубль бағамының төмендеуі салдарынан ресейлік тауарлар Қазақстанда өндірілген тауарларға қарағанда екі есеге арзандағаны айтылған болатын. Ал мұндай жағдайға отандық тауар өндірушілерді әкімшілік жолмен қолдау қиынға соғып отыр. «Әлемдегі ахуал, соның ішінде Ресейдегі орын алып отырған жағдай Қазақстанның экономикасына әсер етпей қоймайды. Экспортқа бағытталған тауар өндірушілерге де зияны тиіп жатыр. Дегенмен, Елбасының тапсырмасына орай, Үкіметте бірқатар шаралар қолға алынды. Біз бүгінге дейін Еуропа мен Қытайға шикізаттарды экспорттап келсек, өңделген тауарларымыздың басты бағыты ТМД кеңістігі болатын. Сондықтан да, Орталық Азия мемлекеттеріне, Кавказға, Қытай мен Ауғанстанға жаңа экспорт бағытын ынталандыру тетіктері арттырылады. Жалпы, Үкімет экспорт бағытының көлемін сақтап қана қоймай, оны ілгерілетуді көздейді», - деді Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуынша, бұл бағытта Үкімет жаңа тетіктер мен тәсілдерді қарастырып жатыр. Соның ішінде экспорттық бағыттағы 80-нен астам ірі кәсіпорынға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. «Қазіргі күні оларды қолдау үшін теміржолда жеңілдетілген тарифтер беріле бастады. Энергия жүйесінде де тариф төмендеді. Қаржылай қолдауға келсек, Ұлттық қордың есебінен 35 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл бірінші кезекте экспорттық тауарлар өндірушілерге несие үшін беріледі, лизингтік қолдауларға жасалады», - деді Б. Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-министрдің бірінші орынбасары қазақстандық тауарлар экспортын ілгерілету үшін сауда миссиялары бекітілген. Аталған миссия наурыз айынан бастап, өзге мемлекеттерге жоспарланған сапарларды бастайды.
13:06, 25 Ақпан 2015
Қазақстандық тауарлардың экспортын қолдауға Ұлттық қордан 35 млрд теңге қарастырылады - Б. Сағынтаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық тауарлардың экспортын қолдауға Ұлттық қордан 35 млрд теңге қарастырылады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар сауалына жауап берген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.