Қазақстандық теміржолшылар Шанхайдағы халықаралық көрмеге қатысады

БЕЙЖІҢ. 4 маусым. ҚазАқпарат - 5-7 шілде күндері Шанхай қаласында «Transport Logistic China 2012» атты халықаралық көрме өтеді.

««ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ҚХР және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өкілдігінің жетекшісі Аманжол Ыбырайымовтың айтуынша, бұл көрмеге «Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өкілдері қатысады.

Ол сондай-ақ, халықаралық көрменің аясында «дөңгелек үстел» өтетіндігін хабарлады. Оның барысында ««ҚТЖ» ҰК»-ның өкілдері қазақстандық темір жолдың мүмкіндіктерін көрсетіп, ҚР көліктік-логистикалық жүйесінің дамуы туралы баяндайтын болады. Көрмеде Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылады.

«Transport Logistic China 2012» - логистика және көліктік қызметтер саласындағы ірі халықаралық мамандандырылған шара. Көрме екі жылда бір рет өткізіледі. Шара алғашқы рет 2004 жылы өтті.