АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов Босния және Герцеговинаның Баня-Лука қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші жұптық сында португалиялық Франсиско Кабралмен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле және Йоран Флигенмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-португалиялық жұп екі сағатқа созылған тартысты бәсекеде 6:7 (2:7), 7:6 (7:2), 10:8 есебімен жеңіске жетті.
Александр мен Франсиско финалда доданың 1-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей - жаңазеландиялық Майкл Винуспен бас жүлдені сарапқа салады.
Бұл жұп жартылай финалда тағы бір қазақстандық Андрей Голубев пен украиналық Денис Молчановты тізе бүктірді - 6:3, 7:6 (7:1).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық теннисшінің Босниядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).