АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Босния және Герцеговинада өткен Баня-Лука ATP 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші португалиялық Франциско Кабралмен бірге финалда осы жарыстың бірінші ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей - жаңазеландиялық Майкл Винуспен бас жүлдені сарапқа салды.
Бір сағат 22 минутқа созылған кездесуде ұлыбританиялық-жаңазеландиялық жұп 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді.
Майкл әлемдік рейтингіде жұптық сында 18-інші, Джейми 38-орында тұр. Екеуі де «Үлкен дулыға» жарыстарында жеңімпаз атанған.
Александр мен Франсиско финалға шығуы нәтижесінде екеуі 15 190 еуро табыс тауып, әрқайсысы 150 рейтингілік ұпайға ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Босниядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).