АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Босния және Герцеговинаның Баня-Лука қаласында өтіп жатқан АТР 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге ширек финалда швециялық Андре Горанссон – жапониялық Бен Маклахланмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-украиналық жұп бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде 6:3, 6:1 есебімен басым түсті.
А.Голубев пен Д.Молчанов финалға шығу үшін ұлыбританиялық Джейми Маррей – жаңазеландиялық Майкл Винус немесе эквадорлықтар Гонсало Эскобар – Диего Идальго жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Баня-Лука додасында тағы бір қазақстандық Александр Недовесов португалиялық Франциско Кабралмен бірге бастапқы кездесуінде хорватиялықтар Иван және Матей Шабановтарды 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
А.Недовесов пен Ф.Кабрал ширек финалда франциялықтар Садио Думбия – Фабиен Ребульмен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет теннистен әлем чемпионатының іріктеу сайыстары өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).