НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында украиналық Денис Молчановпен бірге Братислава (Словакия) челленджер турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы доданың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық-украиналық жұп финалда нидерландылық Сандер Арендс – венесуэлалық Луис-Давид Мартинеспен бас жүлдені сарапқа
салды.
Қарсыластары да осал емес-тін, олар жарыстың 2-ракеткалары болатын.
А.Недовесов пен Д.Молчанов тартысты өрбіген бірінші партияда тай-брейкте сәтті ойнай білді – 7:6 (7:5).
Екінші сетте олар айқын басымдылық көрсетті – 6:1.
Финалдық матч 1 сағат 7 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Братиславадағы турнирдің, Т.Скатовтың Алматы жарысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Дмитрий Попко Алматы турнирінің финалына шыға алмай қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).