НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бейбіт Жукаев елордада өтіп жатқан ITF M25 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 614 орында тұрған Ақтау теннис мектебінің түлегі Б.Жукаев осы жарыстың 6-ракеткасы ретінде финалға дейін төрт кездесуін сәтті өткізді.
Бейбіт жартылай финалда әлемнің 638-інші, турнирдің 7-ракеткасы, сербиялық Хамад Медьедовичпен сынға түсті.
Екі партия да тартысты өрбіп, сет тағдыры тай-брейкте шешілді. Қазақстандық теннисші қарсыласынан 7:6 (7:2), 7:6 (7:3) есебімен басым түсті.
Б.Жукаев финалда рейтингте 482-сатыдағы, осы доданың 3-ракеткасы, ресейлік Алибек Качмазовпен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Норвегияның Қазақстанмен матчта алға шыққанын, Александр Бубликтің таразы басын теңестіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).