НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бейбіт Жукаев жұптық сында елордада өтіп жатқан ITF World Tennis Tour M25 сериясы бойынша халықаралық турнирде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Ақтау теннис мектебінің түлегі Бейбіт Жукаев ресейлік Андрей Кузнецовпен бірге үздік шықты.
Б.Жукаев пен А.Кузнецов финалда Беларусь өкілі Иван Лютаревич – ресейлік Констан Кравчукты 7:6 (7:5), 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Бұл – Б.Жукаевтың ересектер арасында ITF деңгейіндегі алғашқы табысы.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев жекелей сында финалға шыға алмады. Ол жартылай финалдық тартысты бәсекеде канадалық Филип Пеливоға жол берді – 6:7 (8.10), 7:5, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың АҚШ-тағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).