НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик эйс жасаудан әлемде үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Бублик биылғы маусымда 62 матчта 840 эйс жасап, көш бастады.
Германиялық Александр Зверев 74 кездесуде 749 эйске қол жеткізіп, екінші орыннан көрінді.
Америкалық Рейлли Опелка (43 ойын, 737 эйс) үздік үштікке ілікті. Тағы бір америкалық Джон Изнер (34 матч, 701 эйс) төртінші орынға табан тіреді.
Биыл спорттық жолында ең үлкен табысына қол жеткізген ресейлік Даниил Медведев (71 кездесу, 652 эйс) бесінші сатыда.
Александр Бублик осы аптада Мадридте Дэвис кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан намысын қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Бразилиядағы турнирдің жартылай финалына шыға алмағанын, Қарағандыдағы халықаралық турнирде қазақстандықтардың жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).