ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Лион (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Недовесов мексикалық Мигель Анхел Рейес-Вареламен бірге алғашқы айналымда отандасы Андрей Голубев – эквадорлық Гонсалов Эскобармен кездесті.
Бұл кездесуде қазақстандық-мексикалық жұп 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Рейес-Варела 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Голубев – Эскобаро 3 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қазақстандық-мексикалық дуэтке ширек финал қиынға түседі. Олар жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, америкалық Раджив Рам – ұлыбританиялық Джо Сэлисберимен таласады.
Жүлде қоры 562 815 еуроға бағаланған Лион додасы 27 мамырда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның жұптық сында Рабат жарысының ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Женевада жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).