НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Бад-Хомбург (Германия) WTA жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Варвара Грачевамен бірге бастапқы кездесуін германиялықтар Таисия және Яна Мордергермен өткізді.
Қазақстандық-ресейлік жұп бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті – 6:2. Олар екінші сетте де қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:4. 1 сағат 11 минутқа созылған бәсеке барысында 10 брейк-пойнттың бесеуін, қарсыластары 4 сондай мүмкіндіктің екеуін пайдалана білді.
А.Данилина мен В.Грачева жартылай финалға шығу үшін осы доданың 1-ракеткалары, хорватиялық Дарья Юрак – словениялық Андрея Клепачпен таласады.
А.Данилина кеше жекелей сында жапониялық Мисаки Доидан ұтылып қалған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Истбурнда негізгі жарысқа жолдама алғанын, қазақстандық жас теннисшінің Грузияда екі мәрте чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
М.Кукушкин Истбурн ATP 250 жарысының алғашқы айналымында тағы бір қазақстандық Александр Бубликпен өзара кездеседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).