Қазақстандық теннисші Германиядағы жарыстың жеңімпазы атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында Германияда өткен ITF W100 жарысының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, А.Данилина нидерландылық Арианне Хортономен бірге жүлде қоры 100 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің бірінші ракеткалары ретінде тіркелді.

А.Данилина мен А.Хортоно финалда үндістандық Анкита Райна – нидерландылық Ван Дер Хукпен бас жүлде үшін кортқа шықты.

Қазақстандық-нидерландылық жұп тартысты бәсекеде 6:7 (4:7), 6:4, 10:6 есебімен жеңіске жетті.

Матч 1 сағат 42 минутқа созылды.

Осылайша, А.Данилина жұптық сында 27-інші, биылғы маусымдағы төртінші титулына қол жеткізді. Соның 26-сына Халықаралық теннис федерациясы (ITF) өткізген додаларда ие болды. Оған қоса жыл басында Анна бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Сиднейдегі WTA 250 жарысында үздік шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина барша жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.

13 жасар теннисші Заңғар Нұрланұлы Париждегі турнирдің финалисі атанды .