НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 250-ракеткасы Тимофей Скатов Севилья (Испания) челленджер турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 79-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, испаниялық Бернабе Сапата Миральеспен күш сынасты.
Ойын испаниялық спортшының басымдылығымен өтіп, Миральес 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ.
Т.Скатов эйс те, брейк те жасай алмады.
Миральес финалда отандасы, әлемдік рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған Роберто Карбальес Баэнамен бас жүлдені сарапқа салады. Олардың екеуі де АҚШ ашық чемпионатында бақ сынаған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Тимофей Скатовтың Испаниядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).