НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 250-ракеткасы Тимофей Скатов Севилья (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 408-орында тұрған испаниялық Хавьер Косано Барранкомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Т.Скатов айқын басымдылық танытты – 6:2.
Екінші сетте де Тимофей 2:0 есебімен алға кетті. Есеп 3:2 болған мезетте қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Т.Скатов эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Барранко 1 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 116-ыншы, жарыстың 4-ракеткасы, испаниялық Карлос Табернер немесе рейтингте 971-сатыдағы Польша өкілі Ежи Яновичтің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Таиландтағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).