АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші, әлемнің 319-ракеткасы Михаил Кукушкин Испанияның Мурсия қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде өзінен үш саты жоғары тұрған испаниялық Альваро Лопес Сан Мартинмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда М. Кукушкин айқын басымдылық көрсетті – 6:1.
Екінші сетте тай-брейк (6:6) басталған мезетте испаниялық спортшы матчты жалғастырудан бас тартты.
Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында М. Кукушкин 1 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 116-ракеткасы, италиялық Маттео Арнальди немесе рейтингіде 16-сатыдағы бельгиялық Киммер Коппеянстің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Чарльстон турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).