Юлия Путинцева Чарльстон турнирінің үшінші айналымына шыға алмады
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 17-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александровамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда ресейлік спортшы үш брейк жасап, басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сетте Ю.Путинцева брейкпен алға кеткенімен, қарсыласы сол бойда таразы басын теңестірді – 1:1. Бұдан кейін Е.Александрова 5:3 есебімен алға шығып, матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Бір сағат 8 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 8 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Ресейлік теннисші 7 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды.
Е.Александрова ширек финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған аустриялық Джулия Грабермен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 187-сатыдағы америкалық Сачия Викериді тізе бүктірді – 6:1, 6:2.
Ю.Путинцева өткен жылы да Чарльстон жарысының екінші айналымынан аса алмаған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Чарльстонда әлемнің экс-үшінші ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер АҚШ-тағы жарыстың ширек финалына өтті.
Елена Рыбакина айдың үздік ойыншысы атағына ұсынылды.