Юлия Путинцева Чарльстонда әлемнің экс-үшінші ракеткасын ұтты

None
Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ-та топырақ төсенішінде өтіп жатқан Чарльстон WTA 500 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасты.

Бұл Э.Свитолинаның сәбилі болуына байланысты бір жылдан астам уақыттан кейін кортқа бірінші шығуы еді.

Қарсыластардың осыған дейін жеті мәрте жолдары тоқайласып, соның алтауында украиналық, біреуінде ғана қазақстандық спортшы жеңген болатын. WTA додаларында 16 рет чемпион атанған Э.Свитолинаның Токио олимпиадасында қазақстандық Елена Рыбакинаны ұтып, қолға жүлдеге ие болғаны белгілі.

Бұл жолы аса тартысты матчта Ю.Путинцева 6:7 (3:7), 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Юлия 2 эйс жасап, 24 брейк-пойнттың жетеуін өз пайдасына жазды. Қарсыласы 5 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 17-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александровамен таласады.

Жүлде қоры 780 637 АҚШ долларына бағаланған дода 9 сәуірде мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның топырақ төсенішіндегі маусымда табысты өнер көрсеткісі келетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар