Топырақ төсенішіндегі маусымда табысты өнер көрсеткім келеді – Елена Рыбакина

None
Фото: sports.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Топырақ төсенішіндегі маусымда табысты өнер көрсеткім келеді. Бұл, әрине, денсаулық пен күш-қуатқа байланысты. Майами мастерс турниріндегі финалдық ойыннан кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихатында сауалдарға жауап берген қазақстандық теннисші алдағы жарыстардан да сәттілік күтетінін жеткізді.

- Соңғы жылдағы табыстардан, әсіресе, Уимблдондағы жеңістен кейін көктемгі жарыстарға қандай көңіл-күйде келмекшісіз? Өткен жылмен салыстырғанда, қандай нәтижеге қол жеткіземін деп ойлайсыз?

- Мен әр ойыннан тәжірибе аламын деп ойлаймын, ал бір жыл аз уақыт емес. Менің мақсатым – ең бастысы, ден сау болып, табысты өнер көрсету. Екі сәтті аптадан кейін де топырақ төсенішіндегі жағдайдың қалай боларын білмейсің. Сондықтан оған дұрыстап дайындалу керек. Бұл аса маңызды. Осыншама матчтан кейін сенім пайда болды. Енді тек жақсылап әзірлену ғана қалып тұр. Тағы да айтайын, уақыт аз. Көбірек жаттығып, техникалық шеберлікті жетілдіріп, дене дайындығын да қалыпты ұстау керек.

- Жыл басында хардтағы сияқты, топырақ төсенішіндегі корттарда да қиын болады деп ойлайсыз ба?

-Өткен жылы топырақта жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Менің ойымша, онда табысты өнер көрсете аламын. Сондықтан бәрі де денсаулық пен күш-жігерге байланысты. Өйткені осыншама турнирлерде үнемі жолда жүру оңай емес. Кейде басқа бірдеңеге алаңдайсың. Майамиге сіңлімнің келу себебі сол. Ол маған көмектеседі, сондықтан теннистен басқа да өмірім бар.

Елена Рыбакина сондай-ақ 13 матчқа созылып, Майами финалында үзілген жеңіс сериясына байланысты пікір білдірді.

«Ига Швентекте бұдан да көп серия болды, бұл оңай емес. Әрине, түбі жеңілетін күн туады, мен басқаны күткен жоқпын. Негізгі мәселе дене дайындығында, өйткені көп жол жүруге тура келеді. Ең бастысы, қандай ма болсын жағдайға бейімделе білу керек», деді қазақстандық теннисші.

Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Е.Рыбакина 11 сәуір күні түнде Астанаға келеді. Содан кейін 14-15 сәуірде елордада топырақ төсенішінде Билли Джин Кинг кубогі іріктеу кезеңі аясынд өтетін Қазақстан – Польша матчында ел намысын қорғайды. Сосын Германияда Штутгарт WTA 500 додасына қатысады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Елена Рыбакинаның Майами турнирінің финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Майами турнирінің финалисі Елена Рыбакина қанша табыс тапқаны хабарланды.

Елена Рыбакина Майамиде 70-ке жуық эйс жасап, теннис тарихында рекорд жасады.


Соңғы жаңалықтар