НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Перуджа (Италия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 325-орында тұрған Т.Скатов әуелі аталмыш жарыстың іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, сосын негізгі додаға қосылды.
Ол алғашқы айналымда әлемнің 228-ракеткасы, италиялық Лоренцо Густиномен кездесті.
Тартысты матчта қазақстандық теннисші 1:6, 7:6 (7:5), 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 2 сағат 33 минутқа созылды.
Т.Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 193-ракеткасы, аргентиналық Ренцо Оливомен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 187-ракеткасы Дмитрий Попко рейтингте 369-сатыдағы италиялық Флавио Коболлидан 6:2, 5:7, 6:7 (3:7) есебімен ұтылып қалды. Бұл ойын үш сағатқа жуық уақытқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің жұптық сында Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).