АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Парма (Италия) WTA 250 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші чехиялық Джесика Малечковамен бірге алғашқы айналымда ұлыбританиялық Эмили Эпплтон – америкалық Куинн Глисонмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-чехиялық жұп қарсыластарын 6:1, 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу барысында Данилина мен Малечкова 4 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың алтауын мүлтіксіз пайдаланды.
А.Данилина мен Д.Малечкова жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Ангелина Габуева – Анастасия Захарова немесе чехиялықтар Анастасия Детюк – Мириам Колодзиэёва жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-40-қа жуықтағанын, қазақстандық теннисшінің Лиссабон турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Болгариядағы жарыстың ширек финалына шықты.
Фото: sports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).