ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Перуджа (Италия) турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 325-орында тұрған Т.Скатов ширек финалда әлемнің 301-ракеткасы, хорватиялық Нино Сердарушичпен кездесті.
Аса тартысты өткен матчта қазақстандық теннисші 7:6 (8:6), 4:6, 4:6 есебімен есе жіберді.
Үш сағатқа жуық созылған бәсеке барысында хорватиялық спортшы 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып, 9 эйс жасады. Т.Скатов эйс те, брейк те жасай алмады.
Дегенмен жарысты іріктеу сайыстарынан бастап, ширек финалға жетуін 20 жастағы Т.Скатовтың табысы деп бағалауға болады.
Нино Сердарушич финалға шығу үшін рейтингте өзінен екі саты төмен тұрған украиналық Виталий Сачкомен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Италиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші елорда турнирінің жартылай финалын а шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).