АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Мадрид мастерс турнирінің іріктеу сайысында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 144-орында тұрған Т. Скатов іріктеу сайысының бірінші айналымында әлемнің 85-ракеткасы, италиялық Марко Чеккинатомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Алайда, содан кейін италиялық спортшы күш алып кетті – 6:2, 6:3.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Т. Скатов 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 5 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид мастерс турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).