АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев Мексикада өтіп жатқан Пуэрто-Вальярта челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 314-орында тұрған қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 198-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, франциялық Энцо Кокомен өткізді.
Бірінші партияда франциялық спортшы 6:2 есебімен басым түсті. Есесіне екіншісінде Д.Евсеев тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:5). Сосын шешуші, үшінші партияда қарқынын үдетті – 6:2.
Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Д.Евсеев 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 3 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Д.Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 225-ракеткасы, аргентиналық Марко Трунгельити немесе рейтингте 269-сатыдағы тунистік Азиз Дугаздың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанадағы турнирдің қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ АҚШ-та өтетін Индиан-Уэллс мастерс турнирінің жеребесі тартылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).