НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бейбіт Жукаев Мысырда өтіп жатқан ITF World Tennis Tour M25 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Б.Жукаев ширек финалда украиналық Георгий Кравченкомен кездесті.
Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:3, 6:4 есебімен ұтты.
Б.Жукаев 1 сағат 22 минутқа созылған кездесуде 8 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.
Бейбіт финалға шығу үшін чехиялық Лукаш Росол немесе Беларусь өкілі Владимир Игнатиктің біреуімен таласады.
Б.Жукаев жұптық сында ресейлік Алибек Качмазовпен бірге бүгін жартылай финалда кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогы матчында Қазақстан құрамасы жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).