НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннисшісі Айсам-уль-Хак Курешимен (Пәкістан) бірге бастапқы кездесуін босниялық Томислав Бркич – сербиялық Никола Качичпен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық-пәкістандық жұп басымдық танытты – 6:2. Екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 6:3.
Супер тай-брейкте Недовесов пен Куреши жеңісті жұлып алды – 10:4.
Бір сағат 20 минутқа созылған матчта қарсыластар 4 эйстен жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Недовесов – Куреши жұбы жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей – жаңазеландиялық Майкл Винуспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Гонконгпен ойнайтынын, қазақстандық теннисшінің Мюнхенде олимпиада чемпиондарын ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).