АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Тимофей Скатов жекелей сында Брага (Португалия) челленджер жарысының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 242-орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 121-інші, доданың екінші ракеткасы, испаниялық Карлос Табернермен шеберлік байқасты.
Бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкте Т.Скатов сәтті ойнай білді - 7:6 (7:2).
Екінші сетте Тимофей қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ - 6:0.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық спортшы 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана алды. Испаниялық теннисші 1 брейкпен шектелді.
Т.Скатов финалға шығу үшін әлемнің 308-ракеткасы, америкалық Николас Морено Де Альборен немесе рейтингте 341-сатыдағы испаниялық Хавьер Косано Барранконың біреуімен таласады.
Бір қызығы, Т.Скатов жұптық сында да К.Табернермен бірге жартылай финалда өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Франциядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Новак Джокович Astana Open турнирінде ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).