ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Прагадағы челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Д.Попко ширек финалда италиялық Риккардо Бонадиомен кездесті.
Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші сол басымдылығынан айырылған жоқ - 6:3.
Екінші сетте қарсыластар брейкпен алмасты. Дегенмен содан кейін Попко тағы екі брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді - 6:2.
Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.
Д.Попко финалға шығу үшін аргентиналықтар Уго Карабелли немесе Факуда Менаның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Канадағы турнирлерде ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).