АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Рим челленджер жарысының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге екі кездесуін сәтті өткізді.
А.Голубев пен Д.Молчанов алдымен италиялықтар Алессио Балестриери – Джанмарко Гандолфиді жолдан тайдырды – 6:0, 6:1.
Содан кейін ширек финалда тартысты бәсекеде эквадорлық Диего Идальго – финляндиялық Патрик Никлас-Салминенді сүріндірді – 6:3, 2:6, 10:4. Бұл матчта қазақстандық-украиналық жұп 3 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
А.Голубев пен Д.Молчанов финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, франциялықтар Садио Думбия – Фабьен Ребульмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Мадридте әлемнің бесінші ракеткасына жол берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).