НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 194-ракеткасы Д.Попко «Үлкен дулыға» турнирінің бірі – Франция ашық чемпионатының іріктеу жарысында корт иесі, дүниежүзілік рейтингте 375-орында тұрған Мартино Маттеомен кездесті.
Бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық теннисшінің асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:3).
Екінші сетте франциялық теннисші басымдылық танытты – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда Д.Попко таразы басын өзіне аудара алды – 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 28 минутқа созылды.
Д.Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 128-ракеткасы, испаниялық Бернабе Миральес Сапатамен шеберлік байқасады. Ол алғашқы кездесуінде тағы бір франциялық Кристиан Жакені сүріндірді – 4:6, 6:1, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде 37-орынға көтерілгенін, Юлия Путинцеваның Страсбург турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).