АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Братислава қаласында (Словакия) өткен Peugeot Slovak Open челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге жүлде қоры 68 мыңдай еуроға бағаланған жарыста үздік шықты.
Доданың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық-украиналық жұп финалда чехиялықтар Петр Ноза - Андрей Полсонды 4:6, 6:4, 10:6 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша А.Недовесов өзінің спорт жолында челленджер турнирлерінде 25-титулына қол жеткізді.
Соның үшеуін жекелей, 22-сін жұптық сында жеңіп алды.
Өткен жыл Недовесов үшін аса табысты болды, ол жеті рет чемпион атанды. Бұл - оның жеке рекорды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Өскемендегі турнирде табысты өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).