АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Григорий Ломакин Накхонситхаммаратта (Таиланд) өткен ITF турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 1057-орында тұрған қазақстандық теннисші жүлде қоры 15 мың АҚШ долларына бағаланған жарыс барысында бес теннисшіні тізе бүктірді.
Финалда 25 жастағы Г.Ломакин әлемнің 680-інші, доданың 3-ракеткасы Касидит Самреймен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда қазақстандық спортшы тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:2). Екіншісінде 4:6 есебімен есе жібергенімен, шешуші сетте жеңісті жұлып алды – 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың АҚШ ашық чемпионатында негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).