Қазақстандық теннисші Таиландтағы турнирдің жартылай финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Таиландтағы Нонтхабури 2 ITF W40 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші израильдық Лина Глушкомен бірге алдымен жапониялық Киока Окамура – таилық Пеангтарн Плипуекті 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін қазақстандық-израильдық дуэт ширек финалда таилықтар Чомпоотип Джандакет – Тамачан Момкунтодпен шеберлік байқасты.

Ж.Құламбаева мен Л.Глушко 7:6 (7:2), 6:1 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Олардың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Аделаида турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатындағы қарсыластары анықталды.

Фото – Қазақстан теннис федерациясы.