Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, 17 жасар А. Сағындықова жекелей сында алғаш рет ересектер арасындағы жарыстың ширек финалына шығып отыр.
Аружан екінші айналымда швециялық Юлия Локвистті бет қаратпай ұтты – 6:3, 6:1.
А. Сағындықова жартылай финалға шығу үшін ертең сербиялық Наталия Сенич немесе жапониялық Кохару Ниимидің біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Жанель Рүстемова екінші айналымда жарыстың 5-ракеткасы, ресейлік Анна Урекемен кездесті. Бірінші партияда ресейлік спортшы басымдылық танытты – 7:5. Екіншісінде Жанель есе қайырды – 6:4. Шешуші, үшінші сетте қазақстандық теннисші 0:4 есебімен ұтылып жатып, қатарынан үш гейм алды. Алайда, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.
Дегенмен, Ж. Рүстемова жұптық сында жарысты жалғастырады. Ол Сандуғаш Кенжебаевамен бірге ширек финалда тунистік Әл Зейнеб - ресейлік Мария Сысоевамен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Түркиядағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.