Қазақстандық теннисші Ұлыбританиядағы турнирдің финалына шықты

Фото: Қазақстан теннис федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Илкли (Ұлыбритания) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар әуелі аустралиялықтар Эндрю Харрис – Люк Сэвилді 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандық-эквадорлық дуэт ширек финалда германиялықтар Константин Францен – Хендрик Йебенспен шеберлік байқасты.

А.Недовесов – Г.Эскобар 6:4, 3:6, 10:4 есебімен жеңді.

Александр мен Гонсало жартылай финалда бельгиялықтар Зизу Бергс – Йорис де Лоремен кездесті.

Бірінші партияда бельгиялық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық-эквадорлық жұп брейк жасап, сосын өз геймдерін алды – 7:5. Содан кейін супер тай-брейкте мүмкіндіктерін жіберген жоқ – 10:5.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.

Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар финалда доданың 3-ракеткалары, америкалық Роберт Гэллоуэй – аустралиялық Джон Патрик Смитпен бас жүлдені сарапқа салады.

Қазақстанның әйелдер арасында жұптық сындағы бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Анна Данилина Берлин WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Қазақстандық-қытайлық жұп ширек финалда чехиялықтар Катерина Синякова – Маркета Вондрусоваға есе жіберді – 6:3, 5:7, 7:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның жұптық сында Берлин турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Германиядағы жарыстың ширек финалына шықты.