Қазақстандық теннисші Воскобоева «Baku Cup» турнирінің жартылай финалына шықты

АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - Теннистен Әзірбайжанда өтіп жатқан «Baku Cup» турнирінде жұптасып өнер көрсетуде қазақстандық Галина Воскобоева мен румыниялық Моника Никулеску жартылай финалға шықты.

Бүгін олар Нигина Абдураимова (Өзбекстан) мен Камила Фархад (Әзірбайжан) жұбынан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті. Олардың жартылай финалдағы қарсыластары тайландтық Ноппаван Лерчевакарн мен австралиялық Даниэла Доминикович атанып отыр. Олар сәрсенбі күні украиналық Татьяна Арефьева мен беларус спортшысы Анастасия Якимова жұбымен кездесу өткізіп, оларды екі сетте жеңіп шыққан болатын.

Ал Воскобоева мен Моника Никулеску жұбы бұның алдында 6:3, 6:2 есебімен грузин спортшылары Татья Микадзе мен София Шапатаваны ұтты.

Галина жекелей сында да өнер көрсетуін жалғастырып келеді. Сәрсенбі күні ол румыниялық Никулескудан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды. Ал бұған дейін ол София Шапатавамен алғашқы айналымдағы жекелей сында кездесіп, оны 6:0, 6:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Ширек финалға шыққан Галина өзіне дода жүлдесінің кем дегенде 5340 доллар сыйақысын қамтамасыз етті және Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығының рейтингісінде 70 ұпайға ие болды.

Жалпы бұл бәсекенің жүлде қоры 220 мың АҚШ долларын құрайды.