Қазақстандық теннисші Ыстанбұл турнирінде табысты өнер көрсетті

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бейбіт Жукаев Ыстанбұл челленджер турнирінде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, дүниежүзілік рейтингте 357-сатыда тұрған Б.Жукаев ширек финалда әлемнің 108-ракеткасы, молдовалық Раду Алботты жеңіп кете жаздады.

Екі сағатқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші қатты қарсылық көрсетіп, 2:6, 6:4, 6:7 (4:7) есебімен жол берді.

Ақтау теннис мектебінің түлегі 19 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.

Ыстанбұл жарысының ширек финалына шығуы нәтижесінде Б.Жукаев алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік 323-орынға көтеріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Словениядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық жасөспірім теннисшілер Азия біріншілігінің финалына шықты.