НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Карина Жұмажанова жұптық сында 18 жасқа дейінгілер арасында Ыстанбұлда мәреге жеткен төртінші санаттағы турнирде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Карина франциялық Марго Фанталамен бірге финалда жарыстың 3-ракеткалары - мысырлық Мариам Ибрахим, малайзиялық Сун Ян Танмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-франциялық жұп тартысты бәсекеде 3:6, 6:1, 10:8 есебімен жеңіске жетті.
Карина Жұмажанова жекелей сында ширек финалға дейін жетіп, онда норвегиялық Эмилия Лундеге есе жіберді – 5:7, 3:6.
Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Эйс» теннис орталығында «Almaty Masters 10&Under» турнирі аяқталды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 70-тен астам балғын теннисші қатысты.
Қыздар арасында финалда талдықорғандық Айым Қанағатованы жеңген алматылық Әдемі Әлсейпулова чемпион атанды. Үшінші орын елордалық Полина Лазаренкоға бұйырды.
Ұл балалар арасында соңғы сында елордалық Болатжан Нұрдәулетті сүріндірген өскемендік Югай Лев үздік шықты. Қарағандылық Темірлан Жантеміров қола жүлдеге ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас теннисші Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингінде көш бастап келе жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).