АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бейбіт Жукаев Жапониядағы Йоккаити челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 315-ракеткасы, Ақтау теннис мектебінің түлегі, 22 жастағы Б.Жукаев бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 402-орында тұрған жапониялық Юта Шимизумен өткізді.
Қазақстандық теннисші 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 7 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Б.Жукаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 173-інші, жарыстың 3-ракеткасы, тағы бір жапониялық Есуке Ватанукимен таласады.
Бүгін тағы екі қазақстандық кортқа шығады. Италиядағы Андрия челенджер турнирінде Михаил Кукушкин корт иесі Андреа Арнабольдимен шеберлік байқасады. Ал Тимофей Скатов Испаниядағы Валенсия челленджер додасында болгариялық Адриан Андреевпен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орындары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).