НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Делрэй Бич (АҚШ) ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші пәкстандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге Флорида штатындағы жарыста үшінші ракетка болып тіркелген.
Қазақстандық-пәкстандық жұп жартылай финалда корт иелері Алекс Лоусон – Роберт Гэллоуэйді 6:3, 6:7 (5:7), 10:4 есебімен тізе бүктірді.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Куреши 5 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 6 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Енді Недовесов пен Куреши дүйсенбіге қараған түні финалда турнирдің 1-ракеткалары Марсело Аревало (Сальвадор) – Жан-Жюльен Ройермен (Нидерланды) бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогы іріктеу кезеңіне қатысатын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).