НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Франциядағы Контрексевил ITF World Tennis Tour W100 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Данилина норвегиялық Ульрикке Эйкеримен бірге осы жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген.
Олар жартылай финалда осы доданың үшінші ракеткалары, франциялық Амандин Эсс - чилилік Даниэла Сегельмен кездесті.
Қазақстандық-норвегиялық жұп бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті - 6:1.
Олар екінші сетте ойын тізгінін қолдарынан босатқан жоқ - 6:3.
А.Данилина мен У.Эйкери финалда турнирдің екінші ракеткалары, бельгиялық Кимпберли Циммерман - мажарстандық Далма Галфимен бас жүлдені сарапқа салады.
Тағы бір қазақстандық, 20 жастағы Бейбіт Жукаев жекелей сында елордада өтіп жатқан ITF турнирінің финалына шыға алмады. Ол жартылай финалда ресейлік Евгений Карловскийге 4:6, 4:6 есебімен жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің елорда турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).