НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Орландо (АҚШ) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Голубев пен А.Недовесов финалда америкалықтар Митчелл Крюгер мен Джексон Уитроумен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық жұп бірінші партияда 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде де мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.
Финалдық бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).